Әкім ТАРАЗИ, жазушы: «Астана — әдеби ортаға айнала бастады. Алматы — жұртта қалған ел сияқты»

1 Star2 Stars3 Stars4 Stars5 Stars (3 дауыс, орта есеппен: 5-тен 3,67)
Loading ... Loading ...

МЕРЕЙ.БҮГІН ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР ӘКІМ ТАРАЗИ — 80 ЖАСТА


«
Жазушы үшін өз заманының шежірешісі болу – бақыт» деп айтқан екен Бальзак. Бүгінгі таңда бүл үдеден шыға білген, туындылары театрда жиі сахналанып жүрген драматург, қазақ оқырмандарының ғана емес, шығармалары шетел жұртына сұрапыл сұранысқа ие көрнекті жазушы, қарымды қаламгер, Тараздың тарлан тумасы Әкім ТАРАЗИ (Әшімов) 80-нің сеңгіріне шығып отыр. Әдемі қартаю әр пенденің пешенесіне бұйыра бермеген. Бабалар бойындағы ар, ұят, мінез, намыс, кісілік, өз сөздерімен айтсақ, «қалатұғын сай үшін, өлетұғын тай үшін» «итше ырылдасып» жатпайтын кесектік сынды ұлы қасиеттер кеми бастаған кейінгі уақытта қазақтың ақсақалдық ұғымына лайық адамдар қызыл кітапқа енуге жақын. Қарттыққа қырын қарап, бойын сергектікке билеткен мерейтой иесімен әңгімелесудің сәті түскен еді.

 

– Елордаға қоныс аударған қаламгерлердің алғашқыларының қатарынансыз. Өзге де қаламдас қатарластарыңыз соңыңыздан көшіп жатты. Қазір шығармашыл жастар да сонда жиыла бастады. Астана бү­гін әдеби ордаға айнала алды ма?

Қазір Астанада жазушылардың саны 100-ден асты. Мен кейде қошқарлардың бәрі осында деп қалжыңдап қоямын. Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Төлен Әбдіков, Қойшығара Салғарин, Әнес Сараев, тағы басқа да қаламгерлер осында. Астана – әдеби ортаға айнала бастады. Меніңше, Алматы осында көшкен секілді. Алла кешірсін, ол жақтағы достарым да кешірсін, ол қала қазір жұртта қалған ел сияқты көрінеді. Мұнда ай сайын ұлттық кітапханада жиналып, басқосып,  әңгіме дүкен құрамыз, қызу айтыстар осы жақта болып тұрады.

–Қазір не жазып жүрсіз?

 Не жазып жүрсің дегенге еш уақытта жауап беріп көрген емеспін. Жазатын, жазып жатқан еңбігім туралы айтсам жаза алмай, аяқтай алмай қалатын адаммын. «Аспан айналып жерге түскен күн» деген шағын роман жаздым. Ол журналға шықты. Биыл, Алла бұйыртса, кітап қылып шығарамын деп жүрмін. Одан өзге де еңбектер жазылды. Бірақ жазып жүрмін дегенді ұят санаймын. «Дәуір» деген пьеса жазып бітірдім. Соңғы шығармам «Жамбыл» журналында жарияланды.

 

Әкім ТАРАЗИ:

«60 жылдары Рим олимпиадасына келген эфиопиялық жүйрік 42 шақырымдық марафонда басқаларды пәлен аралықта артқа тастап, бірінші болып келеді. Елдің бәрі таңқалып, «ойбай-ау, сен не  қылған адамсың» деп шулайды. Сонда әлгі желаяқ, «маған таңқалып тұрсыңдар ма? Біздің елде мені шаң қаптырып кететін тағы 30 жүйрік бар» деген екен. Сол айтпақшы, бәрі салыстырмалы. Менімен замандас жазушылардың ішінде талай жүйрік бар».

 

 –Астанаға алғаш келгенде, театрға барып, драматургияның жұтаңдығынан жерге қарадым деген едіңіз. Қазір жалпы қазақ драматургиясының даму қарқыны қалай?

 –Драматургияға көңіл бөлу бұрынғыдай емес. Астанадағы театр 150 орынға ғана арналған. Ол жерге жазған пьесамды қойғызғым келмейді. Аудандық өнер ошақтарының дәрежесінде болғаннан кейін көңіл қаламайды. Бірақ театр ұжымы жақсы, көптеген талантты әртістер бар. Дегенмен, шығармаларымды сахналауға ұсынуға қомсынамын.

– Еңбек жолыңызды алғашында кинодан бастадыңыз. Отандық киноның жағдайы сізге жақсы мәлім болса керек. Бүгінгі режиссерлардың туындыларына берер бағаңыз қандай? Бағалауға тұрарлық па өзі?

–Киноның классикалық үлгілері өткен заманда түсірілді. Мақтанғандай болмайын, Камал Смаилов, мен басқарып отырған кезеңде талай мықты фильмдер жарық көрді. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсенбаев сияқты аса дарынды режиссерлар болды. Сол кісілерден біздер тәлім алып, тәжірибе жинақтап, кина саласын біршама дамыттық деп ойлаймын.

Соңғы кездері қазақ киносына шетелде оқып келген мамандар батыстың басы жоқ, аяғы бітпеген киносымақтарының сарынын әкелуге тырысып жатыр. Мен солар түсірген 30-40 фильмді білемін. Саны көп, сапа жоқ. Ішінде іліп алар дүние жоқ. Бірер уақыт бұрын Ақан Сатаев деген жігіт «Жаужүрек мыңбала» фильмін түсірді ғой. Осыдан кейін ғана қазақ киносының шырағы сөнбей, әлі алаулайды-ау деген үміт ояна бастады.

 

  • Әшімов Әкім Ұртайұлы 1933 жылы қыркүйек айының 9-шы жұлдызында Алматыда дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал жазушы, Тараздың тарлан тумасы Әкім Тарази (Әшімов Әкім Ұртайұлы) кернекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол өзінің еңбек жолында Шу ауданы мұғалімі, «Ара» журналының фельетонисті, «Қазақстан пионері» газетінде жауыпты хатшы, «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлік редакциялық алқа мүшесі, бас редакторы, «Литературная газетаның» тілшісі, Қазақстан Кинематографиялық одағы басқармасының 1-хатшысы, Жазушылар одағының хатшысы, Мәдениет министрлігінің кеңесшісі, «Қаржы-қаражат» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. «Құйрықты жұлдыз», «Көкжиек», «Басынан Қаратаудың» повесть-әңгімелерінің, «Қыз махаббаты» пьесалар жинақтарының, «Қараш-қараш оқиғасы», т.б. фильм сценарийлерінің авторы. Бірқатар кітаптары орыс, венгр, чех, неміс тілдерінде жарық көрген.  «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Көкжиек», «Қыз махаббаты», «Бұлтқа салған ұя», «Тасжарған»,  «Кен», «Жаза», «Шер», «Махаббат жыры», «Қиянат» кітаптарының авторы. Сондай-ақ ол «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт»,  «Қос боздақ» пьесалары сахналанып жүр.Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті, «Жаза» романы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, халықаралық «Ильхам» сыйлығының, халықаралық Франц Кафка атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

–Қазақ тарихы туралы неге көпсериялы фильм түсіре алмай отырмыз?

 Тарихи сериалдар түсіруде қазір кәріс, түрік, қытай мамандары көш бастап тұр. Мына қытайлар 32 сериялы «Шыңғысхан» фильмін түсіргенде менің ішім ашыды. Біз түсіруіміз керек еді. Қазақта көпсериялы кинолар жоқ емес. 120, тіпті 500-ден асып жығылатын сериалдар бар. Бірақ көрген соң кейінірек «ана бір көрінісі қандай еді, шіркін» деп іліп алары жоқ. Күнделікті күйбең тіршілікті көрсетіп, өсек айтып, бір сериясын бітірсе, ертесі дәл осыны жалғастырып, халыққа қажетті, ой түйетін, тәлім алатын дымы жоқ көріністі қоя салады. Драматургияның иісі жоқ. Бұлсыз фильм бола ма екен?! Сыртқы қабығы ғана бар нәрсіз жеміс секілді.

–«Қазақфильмнің» сапалы сериал түсіруге қауқары, қаражаты жетпей ме?

 –Әлі түсіретін шығар деген үмітім бар. Қазір әр телеарна өзі сериал түсіріп жатыр ғой. Әртістер әр арнадан жылтыңдап, бірнеше сериалға түсе беретін болған. Ақшаның көзі деп көретін болса керек. Мейлі ғой, бірақ біреуі қазақша тіл сындыра алмайды, шала бүлінген жеңіл сөздер сөйлейді. Кей арнаның басшылары министрліктерде жүр. Басшының тапсырмасы деп бұлай жасай беруге болмайды. Барлық министр керемет ақылды емес шығар. Халықтың талғамы, қазақылықтың иісі, дәстүрінен бір тұтам дәнеңе қоспай, осылай да сериал түсіруге болмайды ғой.

–Бүгін әдебиетте бәсеке жоқ секілді… Даму байқалмайды. Тұралап қалған секілді…

 –Тұралап қалды дегенмен келісе алмаймын. Қазір жақсы ақындар шоғыры қалыптасып келеді. Бірақ олардың бір кемшілігі, өз жайын жазғанда, мұңын, махаббатын жазғанда мөлдіретіп, көзден жас ағызардай етіп тамаша жазады, ал қоғамдық тақырыптарға шорқақ. Қазақтың тағдырына ешқайсысы қалам тартпайды. Осыдан кейін бәрі біріне бірі ұқсайды. Жазғандарынан айырма табу қиын шығармалар жеткілікті. Жастарды оқимын. Бірақ бірінің де есімі жадымда сақталмайды. Бірді-екілі кітабын шығарып, жарқ етіп шыға келеді де, бір айдан соң үшті-күйлі жоқ болып кетеді. Қайраткерлік, тұлғалық қасиеттері болмаған кейін, тұрақтылықты сақтай алмайтыны сондықтан.

  «Әкім Әшімов өмірдің парқына бойлай алады. Адасатын жерін де, құлай­тын кезін де біледі. Сақ. Іштей қулығы да бар. Кейде Таразиді сы­найды» депсіз. Тарази мен Әшімовтің айырмашылығы қаншалықты?

 –Екеуінің арасы керағар. Пенде әкім бар, жазушы Әкім бар. Әшімов кәдімгі адам. Бас-аяғы сырқырайды, күледі, ойнайды. Ал Тарази асқақ биікте. Мен жазып жүргенде ешкімді менсінбеймін. Жазбай қалған кезімде барымнан, қазынамнан айырылып қалғандай күйде боламын. Бір бет жазсам, шыны керек, ешкімді менсінбей қаламын.

 – 80-ге келсеңіз де сергек, әрі техниканың тілін меңгеріп жүр екенсіз. Алдағы уақытта сізден қандай жаңалықтар күтуге болады?

 –Алла амандық берсін, айналайын. Қалғаны уақыттың еншісінде ғой.

 Сіздің «Қорқау жұлдыз» романыңыз шетелде миллионнан астам тиражбен сатылды деп мәлімдеген еді әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина. Сіз «Бұлар айып төлеу керек. Маған әрбір сатылған кітаптан он пайыз, яғни, үш доллардан түсуі тиіс» деп шамданған едіңіз. Бұл мәселе қалай шешілді?

 –Ол әлі шешілген жоқ. Министрлікке бір жиналысқа барғанда осыны сұрап едім. Олар «аға, біздің шетелдіктерге шамамыз жетпейді» дейді. Енді қайтемін. Шетелге барып, олармен айқасатындай шама жоқ, ағылшын тілін білмеймін. Ғаламтор арқылы бақылап қана отырмын. Күнделікті 100-200 данадан сатылып жатыр. Шара жоқ болғаннан соң сатыла берсін деймін де қоямын. Ақшасын ала алмасам алмай-ақ қояйын, бұйырғанын қанағат қыламын.

 

ӘШІРБЕК СЫҒАЙ,  ТЕАТР СЫНШЫСЫ:

- Салиқалы, сабырлы, асығып аптықпайды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын 2002 жылы 60 жастан асқанда алды. Жайбасарлығы бар. Өзін шығармашылыққа ықшамдаған адам. Биыл кемеңгер аға сексеннің сеңгіріне шығады. Осы күнге дейін ол 15 пъеса, тағы осыншама кітап жазған. Оның тырнақалды еңбектерінің желісімен бірнеше фильм түсірілді. Туындысын оқыған оқырман ары қарай өздігінен алып кетеді. Бұл публицистика араласпаған таза прозаның табиғаты. Тарази жазған пьесалар мен киносценарийлері режиссерге албаты өзгертіп, ойына келгенін істеткізбейді. Бір сөзбен айтқанда таптатқызбайды. Бұл шығарманың тұғырының беріктігін ұқтырады.

 

 –«Бүгінгі жазушылар ұсақталып кетті. Атаққұмар. Жазушылар Одағының беделі қалмады». Бұл сіздің сөзіңіз. Тарқатып беріңізші осыны…

 –Жазушы өте көп болып кететін болса сөзден қадыр кетеді. Жақында бір досым сегіз миллион халқы бар Әзірбайжанға барып қайтты. Олардың жазушылар одағында 8500 қаламгер бар екен. Біз 700-ден астық деп күңіреніп жүрміз. Көпшілігі бірді-екілі шығарма жазса мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға ұмтылып тұрады. Атаққұмар емей немене?! Жазушы ма, жаны қалаған дүниені жазып, оқырман игілігіне ұсын. Басқа бәсекенің қажеті қанша. Жақында бір журналист бізде 770 жазушы бар екен. Сіз өзіңізді қай орынға қоясыз деп сұрады. Мен 771-ші орындағы жазушымын дедім. Менен асып түсіп жатса қайта қуанамын.

 Мұстафа Шоқай туралы фильмнің сценарийін Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жазыпсыз. Үш ай уақытта бітіруді тапсырыпты. Жалпы тапсырыспен жазу дегенге қалай қарайсыз? Бұл жазушының болмысына, жазу стиліне әсер етпей ме?

 –Мен Мұстафаның тағдырына қызығушылықпен қарап, зерттеп жүрген адаммын. Он бес шақты жылдай айналыстым ғой. Соған дөп келді. Тапсырыспен жазуға болады. Егер тақырып тапсырыс беруші мен сенің мүддеңе сай келсе. Олай болмаса жазған дүниеңнен дым шықпайды. Маған қоңырау шалып, үйге келіп, «аға, бізге мынадай пьеса жазып беріңіз, анадай кино түсіруге осындай қылып сценарий жазсаңыз» деп келіп жатады. Жоқ, айналайын. Ондайға бара алмаймын. Кейде шайын ішкізіп, қайтаратын кездер болады. Жолдасым Розаға менен де көп тапсырыстар түсіп жатады. Бірақ оған көніп жүрген ол да жоқ, мен де жоқ.

 Лев Толстой бір жазған дүниесін он шақты мәрте жазғанды жақсы көріп, бір шығарманы жазбас бұрын бөлмесінде ары-бері түрегеп жүргенді ұнатқан екен. Шайтанарбамен серуендеуді шабыт сыйлайды деп есептеген көрінеді. Ал Оноре де Бальзак қараңғыда жазуды қалапты. Тіпті күндіздің өзінде перделерді жауып, майшаммен отырады деседі. Шерхан Мұртаза шарикті қаламмен жазғанды ұнатыпты. Түні бойы қолмен жазып отырып, бір жазғанын еш өзгертусіз машинкаға жіберуге тырысқан екен. Ал бұл жағы сізде қалай? Нендей өзгешелікпен ерекшеленесіз?

 –Мен алғашқы романым «Тасжарғанды» еденге киіз төсетіп, етпетіммен жатып алып жаздым. Кейінірек машинканы меңгеріп, бірден басатын болдым. Беріде компьютерді үйреніп, осыған да тере бастаймын. Одан соң сөз шұбыртып жаза бермеймін. Күніне көп дегенде екі бет қана жазамын. Кейде бір парақ. Одан артық болмайды. Себебі, менде журналистің жылдамдығы жоқ. Дегенмен, әр сөйлемді бір сағаттай толғанып, ойланып, сараптап барып түсіремін.

 –Бұйырса, үш күннен соң мерейлі 80 жасқа толғалы жатырсыз. Әулиеаталық әлеумет тойыңызды тойлағалы отыр. Осының қарсаңында сіз облыстық әкімдікке немесе шенді-шекпенді кісілерге мерейтойымды атап өтсек пе екен деген ұсыныспен шықтыңыз ба?

–Алла сақтасын. Өздері ұйымдастырғалы жатыр. Облыс әкімі бір жиында келіп, атап өтейік деп жолықты. Жан-жақтан қонақтар шақырмақ ниетте екен. Жиынға замандас кісілер келмек. Алайда қалған жалғыз досым Қалихан Ысқақ денсаулығына байланысты келе алмайтын болды. Өкініп қалдым. Дегенмен, Төлен Әбдік, Әшірбек Сығай,  Мырзатай Жолдасбеков, біршама депутаттар, министрлер барамыз деп отыр.

–Аға, сізді қоғамда мазалайтын күйіп тұрған қандай мәселе бар?

–Ең күйіп тұрған мәселе – заты қазақ қыз-жігіттердің қоғамдық жерлерде, жиындарда, көшеде орысша сөйлеп тұратындығы. Астанаға алғаш келгенде оларды көріп қорланатынмын. Тіпті ауыр сөздер айтып жіберетінмін. Амандық болса, мұның да көлеңкелі тұсы сейілер.

 –Әңгімеңізге рахмет, аға. Өмір жасыңыз ұзақ болсын.

 Әңгімелескен Нұржан ТУҒАНБАЙ.

 

Бөлімі: Руханият

Пікір жазу